На главную | Контакты     Скачать гимн в исполнении Тогбергена Абиева и Нурлана Абдулина

ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мами мырзаға

Голосуйте:   
4-02-2015, 14:08

Есенғазы   Қуандық тарих ғылымдарының докторы, профессор. моб. 8701 347  0717

Аталған мақала – өтініш ретінде ҚР Конституциясының 33 бабының 1 тармағында көрсетілген заң талабына сай ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мами мырзаның  атына  2014 жылы 18 желтоқсан  жолданған болатын. Алайда қызметтік лауазымын-билігін асыра пайдалаған Жоғарғы соттың департамент директоры Испанов Ілияс  мырза Жоғарғы сотты өзінің жеке меншігіндей СЕЗІНГЕНдігі соншалықты заң талабын бұрмалап  жауап беруге мүлдем ТИЫМ салыпты.

 

                               «Биліктің  көзі  болып  табылатын  халық»

                               судьялардың қолжаулығына  айналған ба?

 

Президент Н.Назарбаев: «Судьялардың заң бұзған әрекеттерінің кез-келгені  жұртшылықтың  назарына ілініп, бәрі білетіндей  ерекше оқиғалар ретінде бағаланып отырылуы керек»-деген сөзін басшылыққа алып,  қоғамдағы сот жүйесіндегі судьялардың қызметі, қалыптасуы онсыз да  тұралаған   азаматтық қоғамның талабына сай емес екендігін көрсететін фактілермен бөлісуді жөн санадым.

Осы елдегі қатардағы қарапайым жұрттың, ҚР Конституциясымен бекітілген азаматтық құқықтарынан жұрдай екендігінен Президент  хабардар ма екен?

Судьялардың халықаралық қауымдастығының жалпыға бірдей жарғысында, судьялар әр адамның әділ сот талқылауына қатысу  құқығын қамтамасыз  етуге тиіс делінген. Соған орай әрбір судья  істі бейтарап және тәуелсіз соттың белгілеген мерзім ішінде әділдік пен жариялылық қағидатын сақтап жүргізуде, адамға  тағылған айыпты қарау кезінде бар құқықты беруде және теңдікті сақтауда  тек заңға ғана мойын ұсынуы  міндетті.

Бүгінде соттардың жұртты сергелдеңге салып, заңды қалауынша бұрмалап зорлық жасауынан қорғану мүмкін болмай тұр. Сот жүйесі көбінесе заңсыздықты өздері заңдастыратын органға айналуда. Мемлекет басшысының бұйрығымен тағайындалған судьялар  сот жүйесіндегі етек алған заңсыздыққа жол беріп, Елбасының  беделіне нұқсан  келтіріп, қоғамның демократиялық дамуына кедергі жасауда.

Барлық сот сатылары оның ішінде Жоғарғы соттың өзі де  өздерінің корпоративті мүдделерін  заңнан  жоғары қойып   жең  ұшынан жалғасуды дәстүрге айналдырған. Жоғарғы сот өзінің  қосымша шығарған нормативті актілерімен заңнның алғашқы мәнін, мазмұнын жойып судьяларға ол заңды қалауынша бұрмалап  қолдануға жол ашып берген. Сөйтіп Жоғарғы соттағы   азғана  топ заң шығарушы органның функциясын заңсыз меншіктеп алған. Осыларға негізделіп  шығарылған сот шешімдері  көбінесе  әділеттілік ұғымынан алшақ жатады. Сонымен бірге судьялар өздерінің тәуелсіз шешім шығару құқығын қолдана алмайды. Бұл жағдайда олар жауапкершілікке тартылмайтындығын білгендіктен  заңды қалауынша бұрмалап бұзып тапсырыс бойынша шешім шығарады, тіпті оны мемлекеттің атынан шығардым деп салтантты түрде хабарлайды.

Ал  халықтың  Конституциямен заңдастырылған  азаматтық құқықтары  республикадағы құқық қорғау органдары, оның ішінде әсіресе олардың басшылары тарапынан үнемі шектелуде. Адами құқықтары  қорланғандар  көбінесе  әділеттілік  іздеп  сотқа жүгінгендер  арасында көптеп  кездеседі.

 Мынадай мәтінде: «Торжественно клянусь честно и добросовестно испольнять правосудие, подчиняясь только конституции и законам РК, быть беспристрастным справедливым, как велит мне долг судьи»-деп ант  берген  судьялар  бүгінде қолдарындағы шексіз биліктерін, лауазымдарын асыра пайдаланып, заң нормаларын бұрмалап, әділеттілік іздеген адамдардың бостандықтарын шектеп тағдырларын талқан етуді жалғастыруда.

          Біздегі судьялар  Конституциямен бекітілген, халық сенім артқан, өздеріне жүктелген  ең негізгі міндеттері болып саналатын әділеттілікпен қоғамдық тыныштықты  қорғаумен заң талабына сай әрекет етпейді. Бұл жолда олар көбінесе белгілі бір топтың, ықпалды лауазым иелерінің мүдделерін қорғау жолында жазалау функциясымен айналысып сонымен ғана шектеледі.  Олар әділеттілік пен азаматтардың құқықтарын қорғаудың орнына,  көбінесе сыбайласу арқылы  белгілі бір ықпалды топтың, лауазым иелерінің мүддесіне ғана жанталаса қызмет етеді.

Ал заң саласында  «коррупция-сыбайластық» сөзі  қылмыстың бір түріне жатқызылған, немесе қызмет жағдайын пайдалану деген мағананы білдіреді. Сыбайластық  ол қызмет бабын жеке басының мақсатына пайдалану арқылы жүзеге асады. Лауазым иелерінің қызмет бабын пайдалану арқылы  сыбайластық жолмен жеке мүддеге қызмет көрсетуі  де коррупциялық әрекетке жатады.

Мемлекеттік  атқару билігі қызметкерлеріне берілетін билік өкілеттігі жеке басқа емес, тікелей қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс. Коррупцияның түпкілікті мақсаты ол бәрін–қоғамды да, билік тетіктерін де өзіне бағынышты ету. Коррупция жеке бастың  пайдасына қызмет етерде астыртын жұрттан жасырып әрекет етеді.  «Біліп тұрып, білместікке баратын» коррупцияланған билік өкілдері қашанда «өз еркімен, саналы түрде қылмысқа барған қылмыскер» ретінде бағаланады. Сот шешімдерінің арнайы нұсқау бойынша қабылдануы.  Жалған айыптаулар бойынша сотпен қудалау, жалған «куәгерлер» жасау, жазықсыз адамды кінәлі ету, Ықпалды лауазым иелерінің мүддесіне сай шешім шығару да коррупциялық әрекетке жатады.

Мұндай жағдайда, судьялар  сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіздігінен айрылады. Конституция мен заңға бағынудың орнына олар «ықпалды, қалталы»  лауазым иелерінен түсетін  арнайы тапсырмаларға жіпсіз байланып қабылдаған АНТЫН бұзып өзі қылмысқа барады. Судьялар төрағаға тәуелді, өзіне «тапсырыс»  ақы берген адамға тәуелді.  Осыдан соң  шешім шығарарда судьяның басты міндеті Конституция мен заңға сүйену  адыра   қалып,  олар «шеберлікпен» заң талаптарын керегінше бұрмалау арқылы, өтініш, талап-тілектерді себепсіз, билігін асыра пайдаланып қабылдамау әдісі қолданылады.  

Сот «тәуелсіз» деу бос сөз. Бізде тәуелсіз сот бар  деп сендіру ол халықты көпе-көрнеу ақмақ ету. «Тәуелсіз судьяларға»  халықты   күшпен сендіру  билік тарапынан жасалған зорлық болып табылады.   Және де осы жерде жауабы жоқ, судьялар биліктің көзі болып табылатын халықтан  қалайша тәуелсіз бола алады деген сұрақ туындайды. Судьялардың тәуелсіздігі теориялық тұрғыдан дәлелденбеген және  дәлелдене алмайтын теорема. Осылай тек құр сөзбен ғана шектеліп  судьялардың «тәуелсіздігін» «қамтамасыз» ету, бүгінде қоғамға қажетсіз мұндай қазіргі әдіспен судьялардың ішкі-наным сеніміне әділеттілікті  ұялату мүлдем жүзеге аспайтын қиял,  өзімізді өзіміз алдау ғана.

 Алматы қалалық сотының төрағасы А.Ештай мырза 15 қазан 2014 жылғы №1.1-18/44183. Жауап хатында «Сіздің жеке айыптау шағымыңыз бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша  Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотының 2014 жылғы 22 мамырдағы Қ.Салихат пен Д.Фазылға қатысты ақтау үкімі мен Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот  алқасының 2014 жылдың 15 қыркүйектегі қаулыларымен келіспеушілігіңізді білдірген 26.09..2014 жылғы №1.1-15/25277 санды шағымыңызға келесіні түсіндіреміз»- деп төмендегі жұртқа мәлім БАҚ-да жарияланған заңнан үзінді көшіріп  соны жауап  деп беріпті. 

 ҚР  2000 жылғы 25 желтоқсандағы №132 «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 3 - тармағына сай судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және  тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді». –деп  аталған заңға сілтеме жасапты.

            Енді осы Алматы қалалық сотының төрағасы А. Ештай мырзаның   осы жауабындағы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сүйеніп «судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және  тек Конституция мен заңға ғана бағынады»  деген уәжінің, түсініктемесінің қаншалықты шындыққа жанасатындығына тоқталайық. Бүгінде күнделікті өмір тәжірибесі көрсеткендей  судьялар мемлекеттің атынан сот шешімін, үкім, қаулы шығарғанда, тек заңға ғана сүйенуге  МІНДЕТТІ бола тұрса  да,  керісінше «тапсырысқа» сүйенеді дейді  халықтың басым көпшілігі. Бұл пікіріміз дәлелді болуы үшін келесідей жұртқа мәлім, бірақ судьялар білгісі келмейтін оларға тіпті ұнамайтын  дәлелдер  келтірейік.

  Мысалы, Ержан Өтембаевты ауыр қылмыс жасады деп  ұзақ мерзімге   сот үкімін  шығарған  судья кейін   коллегия төрағалығына жоғарлатылды дейді білетін жұрт. Алайда жақында Өтембаевтың судья М. 13 жылға  үкім шығаратындай кінәлі  болмағаны  ресми анықталды. Бұл не сонда «тапсырыспен» шығарылған үкім емес пе?  

Біріншіден, кез-келген сот сатыларының  төрағалары тапсырыспен түскен істердің қалай шешілуі керектігіне арнайы нұсқау  беріп соны орындаттырады. Әрине ондай «нұсқаулар-тапсырыстар»  тегін болмайды. Орындамағандар Күлпаш Утемісованың кебін киеді. Ондай нұсқаулардың үнемі болатынан судьяларыңыздың өздері мойындап айтқан. Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Алла Сергиенко Қазақстаннан  кетерінде «Әділеттілік үшін» қоғамдық қозғалысының бір мүшесіне былай депті: «Работать стало совершенно невозможно-почти каждое дело идет с указанием, какое  решение вынести. Вы даже не представляете, что делают с народом!» деп ағынан жарылған.

Екіншіден, республика тарихында тапсырыспен шешім шығарылған мынадай аты шулы сот процестері болған. Бұрынғы  премьер–министр Ә.Қажыгелдинді сырттай 10 жылға соттаған  судьяның кейін   Жоғарғы сот төралығына дейін мансабы жоғарлатылды, қазір ол ҚР Парламенті сенатының депутаты «халық қалаулысы» болып отыр.  Ал Қажыгелдиннің оққағарлары С.Ибраев пен П.Афанасенконы тапсырыспен Р.Әлиевтің соттатқандығы Европа сотында дәлелденді. Кезінде Әркен Уакты соттаған судья кезінде Жоғарғы соттың коллегия төрағасына жоғарлатылды. Ал  8 жылға сотталған Ә.Уақ марқұм кейіннен Жоғарғы соттың Төралқасының шешімімен  әрекетінде ешбір қылмыс құрамы жоқ   деп толық ақталды.

            Аудан көлеміндегі соттар да осы «қағидамен» жұмыс істейді. Оның бір мысалы Бостандық аудандық №2 сотының судьясы Ш.Е.   қоғам қайраткері  Ермек Нарымбаевті  жала жабылғанына қарамай  2010 жылы  4 жылға бас бостандығынан  айырған.   

      Өз мансабы үшін   адам тағдырын ойыншық етуге әбден үйренген судьялар  заңсыз үкім  шығаруға әбден құнығып, әккіленгендер. Ал істі тапсырыспен шығарылғандығы дәлелденген Алатау аудандық сотының судьясы Серимов әлі күнге дейін  қылмыстық  жауапкершілікке тартылмай отыр.   Бұдан да басқа тапсырыспен шығарылған деректерді тізіп жазуға қағаз беті жетпейді. Оған жеке мақала арналады.   Жоғарғы сот Төрағасы  К. Мами  мырзаның келтірген  мәліметі бойынша  2013 жылдың 9 айында ғана 2000 сот шешімі заңға қайшы  әділетсіз   шығарылған.  Жақында Президенттің қабылдауында болған төраға  соттарға түскен арыздар миллионнан асты деп мақтаныш білдірді. Оның осынша миллионға өсуі ол соттарға сенгендіктен  көбейген көрсеткіш емес, керісінше судьяның әділетсіз шешіміне келіспей келесі сот сатыларына қайта-қайта арызданған өтініштер саны.

    Ал судьялар тарапынан  төраға  айтқандай «тек Конституция мен заңға сүйеніп», емес керісінше тапсырыс бойынша  қажетінше бұрмаланып,  заң талабына сай шығарылмайтын шешімдер, үкімдер, қаулылар, кодекстегі  жұмыс істемейтін «өлі» баптарға сілтеме жасалынып «судьялардың қалауларынша заңдастыруы» халықты  мазақ  етіп, қорлауы  бүгінде   жаппай етек алған. Ал ол заңдардағы баптарды судьялар қалауынша бұрмаласа да жоғарғы сатыдағы басшылары  ол заңсыздықты көрмеген болып  сырғытпа жауап беруді әдетке айналдырған. Осындай А. Ештай мырзаның қолы қойылған сырғытпа жауапты өзім  бірнеше рет алдым. Мысалы мына жауап  Ештай мырзанікі: «Сот шешімімен келіспеушілігіңіз сот қаулыларын қадағалау  тәртібімен қарастырылады»-дегені де шылғи  өтірік.  Өтірік болмаса, мен кассацияллық шағым берген қылмыстық істі қараған өзі А.Ештай мырза неге шешімді заң талаптарына  сүйеніп шығармады.  Түп нұсқасы мүлдем өмірде болмаған  арыздардың ксерокөшірмесіне сүйеніп  қаулы шығардыңыз.  Төрағаның осы әрекеті  де ЗАҢДЫ МА? Ал осы  «көшірме заңды айғақ болып танылмайды» деген  заң талабын судьялар қалауынша бұрмаласа да  Ештай мырза көрмеген болып  жасырып, сырғытпа жауап бергені үшін де жауап бермейді. Өйткені бұл заңсыздық жең ұшынан жалғасқан  әрекеттер жоғарғы сатыдағы лауазымды соттардың өздері тарапынан «ЗАҢДАСТЫРЫЛҒАН».

     Бұл сырғытпа жауабы көзбояушылық және қолданыстағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңының 9–бабының 1 тармағының 1,2 тармақшаларындағы және 10-бабының 1 тармағының,   14,15- баптарының нормаларын  өрескел бұзу,   заң талабына   қайшы,  сауатсыз жауап болып табылады. Сонымен бірге  арыз-шағымдарға үнемі осылай сырғытпа жауап  беру, ҚР ҚК-нің 315(367) бабында көзделген  қызметтік әрекетсіздікке  жатады. 

   ҚР Жоғарғы сотының  20.04. 2006 жылығы «Қылмыстық істер  бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» №4 Нормативтік қаулысының 21 тармағында   қарастырылған, «Егер тараптардың таласын тудырған жазба құжаттың түп нұсқасы тапсырылмаса, оның көшірмесі бойынша сот сараптамасын  жасау мүмкін емес және ол көшірме заңды айғақ болып танылмайды» - делініп нормативті заң актісінде қарастырылған құқықтық баға, ол түп нұсқасы жоқ құжаттың көшірмесі  де заңсыз айғақ ретінде қандай да бір шешім шығаруға да негіз бола алмайтыны халықаралық құқық талаптарында  айтылған. Осылай орындалуы міндеттелген  нормативті заң  талабын «жең ұшынан жалғасу» арқылы өрескел бұзып, судьялар Ш.Ерғалиева, Н.Біржанов, Р.Селицкий, Кененбаев, З.Кейкібасова, Н.Сейтовтар қызметтік өкілеттіліктерін теріс пайдаланып  заңға қайшы үкім шығарған. (ҚР ҚК-нің 350 бабы)

 Заң талабы бойынша судьялар мемлекет атынан сөйлеп қараған істері бойынша шешім шығарғанда  ТЕК  Ата заңмен қолданыстағы өзге де заңдарды негізге алуы міндетті бола тұра, керісінше өз биліктерін асырып, теріс  пайдаланады.  Бостандық аудандық №2 сотының судьялары Ерғалиева, Біржанов,  Селицкийлер өз қаулыларын заң талаптарына  қайшы әрекеттерге барып,  жалған сот қарауға тиісті емес  қарсы тараптың  қолдан жасалған   мәліметтерін заң талабына сай тексермей,   құжаттардың жалған екенін біле тұра бұрмалап, қарсы тараптың мүддесіне сай үкім шығарды. Оны Алматы қалалық сотының  төрағасы    бастаған   судьялары  жалған дәлелдер негізінде шығарылған  шешімдерді биліктерін асыра пайдалану арқылы заңдастырды.

        Мұндай заңсыздық әрекетке себеп болған  маған қарсы жазылып, 19 студент қол қойған  түп нұсқасы  мүлдем жоқ арыз.  Оған қол қойғандардың жартысынан астамы   қолды  өздері қоймағандарын, ал қойғандары профессорды қаралаған ондай мәтінді оқымағандарын айтып түсініктемелер берген, бұл құжаттар іске тіркелген. Алайда ол арыздың мәтінінде жазылғандай әркеттерге менің бармағаныма бұлтартпайтын дәлелдер келтірілсе де,  кассациялық сатыда  сот отырысына төрағалық еткен А.Ештай тек Конституция мен заңға сүйенуді былай қойып,  әділеттілікті қалпына келтіруге тиісті  судья өзі әділетсіздікке саналы түрде жол беріп, заң талаптарын қалауынша бұрмалады.  Ештай  мырза  өзі «сендірген» «ӘДІЛ  ТӘУЕЛСІЗ СОТТАН» әділеттілік табылмады ғой.

 Мен Алматы қалалық сотының екі төрағасының қабылдауында болдым, М.Таймерденов пен А.Ештайдың екеуі де «судьялар тәуелсіз шешімді тек заңға сүйеніп шығарады  оған  ешкімнің, тіпті төраға менің де  араласуға құқығым  жоқ» деп  маған жалған айтты. Мұндай «дежурный» сөзбен жауап қайтаруды дәстүрге айналдырғандар ертеңгі ұрпақ алдында қалай ақталмақ?

Судьялар мансабын өсіру үшін, лауазымдарының дәрежесін көтеру үшін адам тағдырын тәлкек етуден ешбір  қымсынбайды, олар мұндай өсу жолын адамгершілікке жатпайтынын біле тұра солай істеуден ешбір тайынбайды.

Сот саласы қызметкерлерінің яғни судьялардың адамдар тағдырларын шешу барысында қателесуге құқы жоқ. Керісінше олар адам тағдырын шешіп, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді қамтамасыз етуге міндетті. 

Сонымен судьялардың «тәуелсіздігі» ешқандай құқықтық аксиомамен негізделіп бекітілмеген, тәуелсіз болудың қажеттелгі заң ғылымында  бірде-бір  қағидалармен  заңдық нормамен анықталмаған және күнделікті практикада айқындалып дәлелденбеген. Соттардың шығаратын шешімнің ешбірінде сол шешімді «тәуелсіз» судьяның шығарғандығы  көрсетіліп дәлелденбейді, сондықтан ол шешімдер керісінше «тәуелді» судьялардың  шешімдері болып табылады. Бұл жерде  судьялардың «тәуелсіздігін»  байқап танып білу мүмкін болмайды, оның тәуелсіз бе жоқ па,  оны құзырлы орган тіпті де тексермейді де, керісінше ол «тәуелсіздік» ұғымы берілген параға байланысты  «тәуелсіз», «тәуелді» болып  оп-оңай құбылып тұрады.  Судьялардың «тәуелсіздігі» күнделікті өмірде болып жатқан сот процесстеріндегі шығарылатын судьялардың шешімдерінің әділеттілігіне КЕПІЛ бола алмауда.

Азаматтардың  құқықтарын  сақтамаудан қоғамды алалау  факторы пайда болады, әділетсіздік пен азаматтық теңсіздік тенденциясы  туындайды.  Бұның өзі қоғамдағы әлеуметтік топтардың жігін барған сайын аша түседі.  Ал мұндай әлеуметтік теңсіздік, қоғамдық-құқықтық деградация ұшырап, мемлекеттің қауіпсіздік таянышына қатер тудыратын қауіпті құбылыс.

 

          27 қаңтар  2015 ж.                                                                   Е.Қуандық

 

 

Комментировать

Уважаемые читатели! Редакция сайта ABIYEV.KZ ждёт Ваших комментариев. Если нарушены ваши законные, конституционные права, если суд вынес против Вас незаконное решение или приговор, если Ваш бизнес подвергся рейдерству, если Вы обладаете какой-либо информацией о коррупционных или других преступлениях – Вы можете обратиться в нашу редакцию на эл. почту: abiyev-tokbergen@mail.ru, или позвонить по тел.: 8(7172)968 160, сот.: 8 705 999 99 50, 8 702 936 98 07. Токберген Абиев Конфедициальность и принципиальную позицию гарантирую.

Отменить
Просмотров: 3388



Яндекс.Метрика